Түркіменстан шетелдіктер үшін электронды виза енгізді

АШХАБАД. KAZINFORM - Түркіменстанда «Миграция туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тиісті жарлыққа президент Сердар Бердімұхамедов қол қойып, ресми жарияланған күнінен бастап, яғни 2025 жылдың 18 сәуірінде күшіне енді, деп хабарлайды Turkmenportal.com «Нейтральный Туркменистан» газетіне cілтеме жасап.

Түркіменстан шетелдіктер үшін электронды виза енгізді
Фото: Анадолы

Жаңа түзетулерге сәйкес, электронды виза (e-Visa) Түркіменстанның мемлекеттік миграция қызметінің ақпараттық жүйесінде электронды түрде берілетін құжат ретінде анықталады. Бұл құжат шетелдіктерге елге кіруге, оның аумағында қалуға, кетуге және Түркіменстан арқылы транзитпен өтуге мүмкіндік береді.

Маңызды жаңалық электронды виза алу кезінде елге келуге шақыру қағазын беру қажеттілігінің жойылуы болды. Оның орнына жүйе Түркіменстанның дипломатиялық өкілдіктеріне, консулдық мекемелеріне және миграция қызметі органдарына автоматты түрде хабарлама жібереді.

Электрондық визалардың санаттары мен түрлерін, оларды тіркеу, беру және қолдану мерзімін ұзарту тәртібін тікелей Түркіменстан президенті белгілейді. Электрондық өтініштердің пішінін, қажетті құжаттар тізбесін және электрондық визалардың үлгілерін мемлекеттік миграция қызметі бекітеді.

Бұл жаңашылдық виза рәсімдерін жеңілдету және Түркіменстанды шетелдік туристер мен бизнесмендер үшін қолжетімді етуді көздейді.

Еске сала кетейік, Түркіменстан президенті Қадір түні құрметіне 321 сотталушыға рақымшылық жасағаны жайлы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар