ТүркПА байқаушысы: Қазақстандағы президент сайлауы халықаралық стандарттарға сай өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түрік мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының атынан Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауына бақылау жасаған миссияның басшысы Ербол Кая делегацияның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлаудың халықаралық стандарттар мен құжаттарға сәйкес өткізілгенін көрдік. 2022 жылы 5 маусымда референдум өтті. ҚР Конституциясының 33-бабына өзгерістер енгізілді. Содан кейін референдумның нәтижелері жарияланды. Сондағы өзгеріс бойынша, Қазақстанда президент 7 жылға сайланады. Біздің делегация 17 қарашада президенттің кезектен тыс сайлауын бақылау жұмысын бастады. Сайлауды бақылау бағдарламасы аясында ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов халықаралық байқаушылармен кездесулер өткізді. Осы кездесулер барысында біз сайлауға дайындықты бақылап, сайлау туралы ақпарат алдық, президенттікке кандидаттармен әңгіме құруға мүмкіндік алдық. Біз кандидаттардың жоспарымен, олардың сайлауалды бағдарламасымен таныстық, сайлау науқанының жұмысы туралы ақпарат алдық», - деді ТүркПА байқаушысы.

Ұйым атынан қатысқан делегация 20 қарашада Алматы мен Астананың бірнеше сайлау учаскесінде болған.

«Біз процесті сайлау учаскелері ашылғаннан бастап дауыс санау басталғанға дейін бақыладық. Сайлау кезінде бәрі тыныш өтті. Біз президентті сайлау барысына оң баға береміз. Біздің делегация сайлаудың жоғары, кәсіби деңгейде өткенін бақылап, көз жеткізді. Біз бүкіл органдардың сайлауға дайын болғанын көрдік. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалды, оң баға береміз. ОСК дерегінше, сайлаушылардың қатысу деңгейі 69,43% болды. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайызының даусын жинап, жеңіске жетті. Біз сайлаудың ұлттық заңнамаға және сайлауды өткізудің халықаралық стандарттарына сәйкес өткенін растаймыз», - деді Ербол Кая.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар
telegram