ТүркПА-ға мүше елдердің өзара тауар айналымы 42 млрд доллардан асқан
АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына мүше елдердің жиынтық жалпы ішкі өнімі 1,5 трлн доллардан асады. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ТүркПА-ның Астанадағы пленарлық отырысында айтты.

Оның сөзінше, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының маңызы артып келе жатыр.
– Қазіргі таңда біздің елдерімізде 160 миллионнан астам халық бар. Ал, барлық жалпы ішкі өнім 1,5 триллион доллардан асады. Былтыр өзара тауар айналымы 42 миллиард доллардан асты. Сыртқы сауданың жалпы көлемі шамамен 1,3 триллион долларға жетті. Бұл көрсеткіштер елдеріміздің экономикалық байланысы және ресурстық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі артып келе жатқанын білдіреді, - деді Мәулен Әшімбаев.
Бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері Ұлттық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысқанын жазған едік.