ТүркПА мен Халықаралық қазақ-түрік университеті түсіністік меморандумына қол қойды
БАКУ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақтүрік университетінің президенті Уәлихан Әбдібеков екі құрылым арасындағы түсіністік меморандумына қол қойды. Аталған құжатқа сай, екі тарап түркі ынтымақтастық құрылымдарының алдында тұрған ортақ мақсат-мүдделердің діттеген межеден шығуы үшін бірлесе әрекеттесуге келісті.
Университеттің оқытушылары мен студенттері қауымы алдында сөйлеген сөзінде Ж.Асанов Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың инициативасымен құрылған Түркітілдес елдер парламенттік ассамблеясының жұмысы жайлы кеңінен әңгімеледі. ТүркПАның соңғы кездері білім, ғылым және мәдениет салаларында атқарып жатқан шаруалары жайлы айта келе, ТүркПА бас хатшысы түркітілдес елдер арасындағы ақпарат ағынын ұлғайту үшін түркі тілдерін білетін кәсіби шебер аудармашылар дайындау қажеттігін баса айтты.
Осы күні Ж.Асанов Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына зиярат етіп, қалада және қала маңында орналасқан тарихи ескерткіштерді аралады.