ТүркПА сенаторлар сайлауын оң бағалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі тілдес елдер Парламенттік ассамблеясының миссиясы Қазақстанда өткен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Орталық Азияның көшбасшы елі саналады. Сондықтан болар, бұл жолғы сайлау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, демократиялық тұрғыда өтті. Сайлауды көптеген халықаралық байқаушылар бақылады», - деді бүгін аталған миссияның жетекшісі Мұстафа Исен еліміздің Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Сонымен қатар миссия басшысы Қазақстанның одан ары дамып, зор жетістіктерге жетуіне тілектес екендіктерін баса айтып өтті.
«Қазақстанның демократиялық даму тұрғысында жоғары мақсаттарды алға қоятындығын өте жақсы білеміз. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде болдық және қазақ бауырларымыздың осынау дүниежүзілік шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырудағы жетістіктеріне шынайы қуаныштымыз. Қорыта айтқанда, ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауын ұйымдастыру және оны өткізуге жоғары бағамызды береміз», - деді Мұстафа Исен.