ТҮРКСОЙ: Биыл - күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы
АСТАНА. KAZINFORM – ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы 2025 жылды Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы деп жариялады. Бұл туралы халықаралық ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев мәлім етті.

- Биыл ТҮРКСОЙ ұйымы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған бірқатар іс-шара жоспарлап отыр. Наурыз айында композитордың 100 жылдығын ресми ашық деп жариялаған болатынбыз. Осы мерейтой аясындағы мәдени шаралар Қазақстанда ғана емес, тұтас түркі елдерінде өткізіледі. Арнайы концерттер мен кештер, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылады, - деді Түрксой басшысы Jibek joly телеарнасындағы «БҮГІН.LIVE» бағдарламасында.
Еске салсақ, бүгін белгілі күйші, композитор, «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушы Нұрғиса Тілендиевке - 100 жыл.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақ композиторының мерейтойы ел шеңберінде ғана емес, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сияқты халықаралық ұйымдардың деңгейінде де аталып өтеді.