Түркістан халқының 36 пайызы ғана орталық кәріз жүйесіне қосылған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облыс орталығы болғанға дейін мұндағы халық саны 160 мың жобасында болса, қазір 235 мыңнан асады. Бұл дегеніміз — инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме 2-3 есе артты деген сөз. Осыған орай қала тұрғындарын сапалы инженерлік жүйелермен қамту қажеттігі туындап отыр.
— Өткен жылы халықты сапалы жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 3 жоба әзірленіп мемлекеттік қаржыландыруға ұсынылды. Аталған жобалар толық жүзеге асқаннан кейін 2 825 абонент, яғни 12 700 астам тұрғын сапалы электр қуатына қол жеткізді. Бұл қаланың экологиялық жағдайының өзгеруіне және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, қала аумағын толық кәріз желісімен қамтамасыз ету мақсатында 11 жоба іске асып жатыр. Сонымен қатар 5 жоба бюджетке ұсынылып, 4 жобаны әзірлеу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда қала аумағы 36,5 пайызға (16 336 абонент) орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған, — дейді қала әкімдігінен.
Бүгінде Түркістан қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы жүзеге асып жатыр. Негізінен бұл жұмыстар 2024 жылдың маусым айынан басталған.
Жоба 2025 жылға өтпелі. Соған сәйкес қаладағы халықтың өсімі ескеріле отырып инженерлік инфрақұрылым да ұлғайтылады.
Еске сала кетейік, мұның алдында Түркістан облыс орталығы болғалы халық саны 42% өскенін хабарлаған болатынбыз.