Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы атанады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде жазды.
— ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанады, — деп жазды Президент.
Айта кетелік Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн екенін айтқан еді.
— Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз. Сонымен қатар елімізде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатыр. Осы жұмысқа белсене қатысқан түркі елдерінің ғалымдарына шынайы алғыс білдіреміз. Академиялық еңбек тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан кең ауқымда, шынайы және әділ көзқараспен қарауға көмектеседі, — деді ол.