Түркістан қаласының мемлекеттік қызметшілері жұмыстан шыққан соң, көше тазалады

Көше тазалау
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Республикалық шараға Түркістан қаласы әкімі аппаратының жас мамандары өз үлесін қосты.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шараға қызметкерлер кешкі серуен уақытын арнады. Жұмыс уақыты біткен соң мамандар шаһардың туристік аймағы саналатын мәдени-рухани орталық аумағын қоқыстан тазартты. 

Сенбілік барысында бұл бастаманың тазару мен жаңару маусымы саналатын көктем мезгілінде бастау алуының маңызы зор екендігі айтылды. Сонымен бірге қатысушылар халық әндерін шырқап, сергіту сәтін өткізді.

«Тазалықты ту еткен жобаның тұрғындарға берері мол. Табиғатты аялау, тазалықты ұстау ол тек қала үшін ғана емес, бәріміз үшін ортақ дүние. Ортақ үйіміздің тазалығын қамтуға әрбір тұрғын міндеттіміз», - деді акцияға қатысушы қала әкімі аппаратының бас маманы Ердәулет Төрехан. 

Сенбілік соңында мамандар облыс тұрғындарына «Таза Қазақстан» республикалық акциясына атсалысуға шақырып, арнайы челлендж жолдады. 

Айта кетейік, 10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістанда «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар