Түркістан қазынашылық департаментінде қаржы жымқыру фактісі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Түркістан облысының прокуратурасы қазынашылық департаментінің қызметінде жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзу, жеке қаржыландыру жоспарын негізсіз қолдау, үнемделген қаражатты басқа бюджеттік бағдарламаларға аудару секілді фактілер анықталды.
Департаменттің лауазымды тұлғалары «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ есепшілерімен сөзбайласу арқылы мекеме қызметкерлерінің санын негізсіз ұлғайтып, 8 млн-ға жуық теңгені иемденген.
5 шілдеде облыс прокуратурасы жинақталған құжаттарды сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу фактісімен СДТБТ тіркеп, тергеу жүргізуді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырды.
Сондай-ақ жоғарыда аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсыныс енгізді.