Түркістан облысы биыл суармалы судан тапшылық көруі мүмкін
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірдегі су қоймаларында судың көлемі өткен жылмен салыстарғанда аз жиналған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы сала мамандарымен өткен селекторлық кеңесте айтты.

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталды.
Жалпы биылғы көктемгі егіс жұмыстары 873,6 мың гектар жерде жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға артық.
Дәнді дақыл 335 мың гектар жерге егілсе, бұршақты дақыл — 3,8 мың гектарға, майлы дақыл — 76,9 мың гектарға, техникалық дақыл — 105,3 мың гектар, ал көкөніс 44,9 мың гектарға егілмек.
Бір айта кетерлігі, биыл шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдау көлемі артты.
«Минералды тыңайтқышқа 7 млрд теңге бөлінді. Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау бағдарламасына республикалық бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлу ұсынылды. Тұқым шаруашылығын қолдау бағдарламасына 600 млн теңге облыстық бюджеттен қаралды. Ағын су жеткізу құнын субсидиялауға 150 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, биыл 22 мың тоннаға жуық жанармайға өтінім тапсырылған. Көктемгі дала жұмыстарына 2024 жылы 13,4 млрд теңге көлемінде несие қаржысы жоспарланды. Бүгінгі күнге 2,2 млрд теңгеге тауар өндірушілер қаржыландырылды», -деді Ермек Кенжеханұлы.
Сала мамандарының баяндауынша, көктемгі дала жұмыстарына техника 95 пайызға дайын.
Биыл 1382 комбайн, трактор және қосымша құрал-жабдық сатып алынған. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар.
Дегенмен, биыл да су мәселесі өзекті болайын деп тұр.
Себебі, су қоймасында судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда аз жиналған.
«Біз қазірден әрбір шаруаға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды көп қажет етпейтін өнім түрлерімен айналысуға шақыруымыз қажет. Егіс алқаптарын әртараптандыру өз алдына, өзекті мәселенің тағы бірі — көктемгі егіс жұмыстарына жұмсалатын жеңілдетілген жанар-жағармай»-деді ол.