Түркістан облысы Қыземшек кентіндегі істен шыққан жылу қазандығы қалпына келтірілді

қайта қалпына келтірілді
Фото: Созақ ауданы әкімдігі

Қыземшек кентіндегі мардымсыз жылуға қатысты әкімдік ресми түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Созақ ауданына қарасты Қыземшек кентінде жылу қазандығына баратын сұйық отынды қыздыратын қондырғы істен шықты. Соның салдарынан қатты отынмен жанатын 4 қазандық жылуды тұтынушыларға жоғары деңгейде жеткізе алмаған. Жылудың баруы 53, қайтуы 39 градусқа дейін төмендеп кеткен. Қазіргі кезде қондырғы қайта қалпына келтіріліп, іске қосылды. 

«Бүгін тұрғындарға жылу температуралық кестеге сәйкес беріліп жатыр. Сұйық отынды қыздыратын қондырғы іске қосылғанға дейін, қатты отынмен жанатын 4 жылу қазандығы үздіксіз жұмыс істеді. Онда жылу құбырларының жарылуы сынды күрделі мәселелер болған жоқ. Қазір қазандықтан шыққан жылу температурасының баруы 72, қайтуы 57 градусқа дейін көтерілді», - делінген Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

қайта қалпына келтірілді
Фото: Созақ ауданы әкімдігі

Сондай-ақ кентте диаметрі 300 мм болатын кәріз құбыры жарылған. Сол құбырды жергілікті тұрғындар жылу жүйесімен шатастырып, әлеуметтік желіде түрлі ақпараттар таратқан. 

«Ең басты мәселе қыстың қытымыр аязында тұрғындарды сапалы жылумен қамту болғандықтан, барлық күш кенттегі орталықтандырылған жылу қазандығына жұмылдырылды. Ондағы жағдай тұрақталған соң, жарылған кәріз құбырын қалпына келтіру үшін арнайы мамандар мен қажетті техникалар тартылды. Болған жағдай бойынша аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков 12 желтоқсан күні Қыземшек кентіне арнайы барды. Таңнан бері жылу қондырғысын қайта қалпына келтіру жұмыстарының басында болып, атқарылу керек әрбір істі жіті бақылауына алды», - делінген әкімдік тарапынан берілген ақпаратта. 

Соңғы жаңалықтар