Түркістан облысы: шегірткені жою жұмысын жүргізуге техника тапшы

шегірке
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Қазығұрт аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Ерәлі Әшір «Jibek joly» телеарнасындағы «JJ TALK Ерболат Мұхамеджанмен» бағдарламасында шегірткеге қарсы қолданылып жатқан препараттардың сапасыз екенін айтты. 

«Препараттарды шашып болғаннан кейін, біраз күн өткен соң шегіртке қайтадан күшейіп кетті. Шашып кеткен жерлердегі шегірткелер толық жойылмаған. Бұл препараттардың әлсіздігі ме, сапасыздығы ма – белгісіз. Өңдеу жасалған жерлерде қайтадан күшейіп кетті. Үлкен алқапқа жайылып кетті. Біраз фермерлердің астық алқаптарын жойып кетіп жатыр», - дейді шаруа.

Сондай-ақ, оның айтуынша шегірткемен күреске бөлінген техникалардың жағдайы өте нашар және саны аз.

«Олар шаруалардан үлгермей жатырмыз деп техника сұрайды. Сіздер техника бөлінді деп жатсыздар, ал мына жақта сол техника көрінбейді. Шақырған жерге бір ғана уазик келеді, оның өзі жүрмейді. Бұзылып-бұзылып әрең жүреді», - дейді Қазығұрт аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы.

Бағдарламаға қатысқан ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті төраға орынбасары Мұхтар Алиев бұл мәселені өз бақылауына алатынын айтып сендірді.

«Біз бүгінгі таңда тиісті техниканы жеткізуге тырысып жатырмыз. Дегенмен бұндай ақпараттар болса, бізге айтыңыз. Ертең өзім хабарласып, не себептен осылай болып жатқанын сұрайын. Бүгінгі таңда ол жерде біздің вице-министріміз, комитет төрағасы бар, сол жерде жүр қазір. Біз анықтаймыз бұл мәселені», - деді министрлік өкілі.

Айта кету керек, биыл Үкімет шегіртке зиянкестерімен күресуге бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлді.

 

 

Соңғы жаңалықтар