Түркістан облысына 23 мектеп қажет

Түркістан
Фото: Солтан Жексебеков/ Kazinform

Түркістан облысында апат алдындағы, үш ауысымды және ғимараты ыңғайластырылған білім ордаларының мәселесін шешу үшін 23 мектеп салу керек. Аталған мәселе Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Kazinform. 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, биыл жобалық қуаттылығы 6230 оқушыны қамтитын 35 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген. Облыста 33 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары облыста 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. Ал 2024-2026 жылдары облыста 6512 орын тапшылығын жою, апат алдындағы, сонымен бірге үш ауысымды және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 13 аудан, қалада 23 мектеп салу керек.

Қазіргі өзіңде 4 кәсіпкер Арыс қаласы мен Бәйдібек, Келес, Сарыағаш аудандарында мектеп салуға ұсыныс білдірген.

Жиында денсаулық сақтау саласына инвесторлар тарту мәселесі де қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірде 73 медициналық нысанның құрылысын жүргізуге жеке кәсіпкерлерді тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлар есебінен салынатын мектептерді тек тапшы аймақтарға орналастыру керектігін айтты.

«Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұяларының маңына жекеменшік мектептерді салудың мәні жоқ. Егер білім ұясы жеткілікті аймаққа салынса, ол мектепке оқушы табу қиынға соғады. Жауапты басқарма, аудан әкімдері осы мәселені терең зерделеп, бірлесе жұмыс атқарыңыздар. Әрбір құрылысты бақылау, қадағалау керек. Денсаулық сақтау саласында да нысандар салуға инвестор тартуды қолдаймыз. Бірақ салынатын медициналық нысандар бір типті және бағасы көңілге қонымды болуы тиіс. Тым қымбат құрылысты жоспарлау қажет емес», – деді Дархан Сатыбалды.

Соңғы жаңалықтар