Түркістан облысынан 2500-ден астам азамат әскерге шақырылады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Күзгі шақыру кезеңі 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін жалғасады.

Түркістан облысынан 2500-ден астам азамат әскерге шақырылады
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Бекмұрзаевтың айтуынша, мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, сондай-ақ кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға заңды негіздері жоқ ер азаматтар шақырылады.

Күзгі шақыру науқаны басталғалы бері өңірден 250-ден астам жас сарбаз әскери борышын өтеуге аттанды.

— Күзгі әскерге шақыру жұмыстары басталып, тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Биыл облыстан 2500-ден астам азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланған. Оның ішінде 1200 азамат — Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, 340 азамат — ҰҚК Шекара қызметіне, 1100 азамат — Ұлттық ұланға, ал 100-ге жуық азамат Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне жіберіледі, — деді Жандос Бекмұрзаев.

Әскерге шақырылған азаматтардың деректері Қарулы Күштердің электрондық базасына енгізіледі. Бұл жүйе арқылы әскери есепке алу жүргізіліп, азаматтардың саны мен әскери қызметке жарамдылық санаты айқындалады.

Еске сала кетейік, өткен жылы Түркістан облысынан Қарулы Күштер мен өзге де әскери құралымдарға 5000-нан астам азамат жіберілген. Сондай-ақ көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары бойынша белгіленген жоспар толық орындалған.

Бұған дейін әскерге шақырылушыларға қатысты шақырту қағазы, медициналық комиссиядан өту және кейінге қалдыру тәртібі туралы жазған едік.