Түркістан облысында 12 мың тонна шөп өртенді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысының Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында кәсіпорын аумағындағы шамамен 12 мың тонна престелген шөп пен бастырма өртенді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Өрт туралы хабарлама облыстық 112 қызметіне келіп түскен.
Оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жауапкершілігі шектеулі серіктестік аумағында бастырма мен престелген шөптің ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған.
– Өртті сөндіруге ТЖМ бөлімшелері, орман шаруашылығы қызметкерлері, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері қатысты, – деп хабарлады ведомство.
Жұмылдырылған күштердің бірлескен әрекетінің нәтижесінде өрт толық сөндірілді.
Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтар мен ауыл шаруашылығы нысандарының басшыларын өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, әсіресе шөп пен басқа да тез тұтанатын материалдарды сақтау кезінде сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында жиналған 100 бума шөп өртенген еді. Өрт толық сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелмеген.