Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан облысында 151 қоқыс полигонының көбі талапқа сай емес: мәселе қалай шешіледі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының басым бөлігі санитарлық-экологиялық талаптарға сай емес. Өңірде жалпы 151 полигон есепке алынған.

қоқыс полигоны
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұл туралы Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыстағы полигондардың 28-і аудандық, 37-сі ауылдық округтерге тиесілі, ал 40 нысан сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау олардың көпшілігінің белгіленген санитарлық және экологиялық талаптарға сай еместігін көрсеткен.

— Мәселені шешу үшін 2024-2026 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, бір-біріне жақын орналасқан елдімекендердегі полигондарды біріктіру арқылы 51 нысанды оңтайландырып, жабу көзделген. 2024 жылы — 24, 2025 жылы — 18, биылғы жылдың 7 айында 4 полигон оңтайландырылды. Жыл соңына дейін тағы 5 полигонды жабу жоспарланып отыр, — деді Ғалымжан Төлепов.

Заңсыз қоқыс орындары көбейіп отыр

Полигондарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Созақ, Түлкібас және Сайрам аудандарында жүргізіліп жатыр.

Бұл бағытта Созақ ауданында ауқымды жоба қолға алынған. Мұнда жаңа 7 полигон салуға 1,7 млрд теңге қарастырылған. 2024 жылы Қаратау, Қарақұр және Жуантөбе полигондарының құрылысы аяқталған. Ал 2025 жылы Шу, Тасты, Шолаққорған және Сызған ауылдық округтерінде жаңа полигондардың құрылысы басталды. Нысандарды биыл қазан айында аяқтау жоспарланған.

Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе — бей-берекет қоқыс орындары. «Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген аэротүсірілімдер нәтижесінде өткен жылы облыста 249 заңсыз қоқыс орны анықталып, түгел тазартылған.

— Ал биыл мамыр-маусым айларында тағы 242 заңсыз қоқыс орны анықталса, шілдеде қосымша 8 нүкте тіркелген. Қазіргі уақытта оларды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Қазір өңірде қалдықтарды қолмен сұрыптаумен 15, қайта өңдеумен небәрі 5 кәсіпкер айналысады.

Саланы дамыту үшін облыс аумағы 6 аймаққа бөлініп, әрқайсысына қайта өңдеу бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлер бекітілген. Оларға «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие беру тетігі қарастырылған.

Бұған дейін Түркістан облысында биылғы алты айда экологиялық заңнаманы бұзудың 73 дерегі анықталғанын жазған едік.