Түркістан облысында 20 адам суға батып қайтыс болды
Жыл басынан бері Түркістан облысында 20 адам суға батып қайтыс болды, оның 13-і – кәмелетке толмаған бала. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Запаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаза тапқандардың көпшілігі Отырар ауданында тіркелген. Мұнда 11 адам суға тұншығып қайтыс болған. Сондай-ақ суға шомылу кезінде ажал құшқандардың саны Шардара ауданында 3, Бәйдібек ауданы мен Арыс қаласында 2, Созақ пен Ордабасы ауданында 1 адамнан тіркеліп отыр.
«1-маусым – жазғы шомылу маусымы басталғаннан бері 18 адам суға батып қаза тапты. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 74%-ға көбейгенін көреміз. Жас балалардың қаза табуының негізгі себебі ата-аналардың салғырттық танытып, балаларын қараусыз қалдыруы болып отыр», - деді азаматтық қорғау полковнигі Бақытжан Запаров.