Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнеткер тұрады, оның 11-і екінші дүниежүзілік соғыс ардагері
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінде өңірде 195 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 11-і екінші дүниежүзілік соғыс ардагері болса, қалғаны екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер және тыл еңбеккерлері. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаева мәлімдеді.
1 қазан — Қарттар күні халықаралық деңгейде атап өтіледі. Айтулы мерекеге орай облыстық және жергілікті деңгейлерде көптеген іс-шаралар мен акциялар өткізілді.
«Ұрпақтар сабақтастығы — бұл тек уақыт арасындағы көпір ғана емес, ұлт тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен құндылықтарының буыннан-буынға үзілмей жалғасуы. Әрбір ересек адам өзінен кейінгілерге ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие беріп, олардың өмір жолына бағыт-бағдар көрсетеді. Осы арқылы болашақ ұрпақтың санасына адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттер сіңіріледі. Қарттарымыздың өмірлік тәжірибесі мен жастардың энергиясы және инновациялық ойлары біріккенде, қоғам жаңа биіктерді бағындырады. Бұл сабақтастық тек отбасылық деңгейде емес, жалпыұлттық деңгейде де маңызды. Тамырын тереңге жайған ағаштың бұтағы берік болатыны сияқты, өз тарихы мен әдет-ғұрпын сақтаған мемлекеттің болашағы жарқын болады. Елді бірлікке, тұрақтылыққа, ізгі бастамаларға да шақыратын осы — қарттарымыз. Қариялардың өмірлік жолы мен ақыл-кеңестері әр уақытта жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық, темірқазық іспеттес. Өмірде көргені көп, түйгені мол қарттарымыздың ақыл-ойы — халқымыздың рухани байлығы. Сондықтан оларға құрмет пен жылулықты аямау қажет» - деді Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаева.
Бүгінде «Қамқорлық» акциясы шеңберінде зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүруге және коммуналдық қызметтерді төлеуде жеңілдіктер қарастырылып келеді. Биылдың өзінде акция аясында 10 мыңға жуық азаматың жекелеген санаттары мен ардагерлерге көмек көрсетілді.
Жыл сайын облыстық бюджет есебінен «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде 8 мыңға жуық зейнеткер денсаулығын түзеуге, тынығуға мүмкіндік алып отыр. 1537 аға ұрпақ өкілі тегін басылымдарға жазылған. Жасы 80-нен асқан 320-ға жуық жалғызілікті қарияның зейнетақысына бір АЕК мөлшерінде үстемақы төленеді. Сондай-ақ шипажайларда ем қабылдауға жолдама беріледі. Аудан, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанындағы 22 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері арқылы 2 198 жалғызілікті қария күндізгі уақытта үйде қызметтер көрсету жағдайындағы қызметтермен қамтылуда. Сонымен қатар өңір көлемінде жалпы саны 19 «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қарттарға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша көмек береді.
«Мемлекеттік қолдаулар мұнымен шектелмейді. Қосымша демеушілерді де тарта отыра, түрлі бағыттағы іс-шаралар мен көмектерді ұйымдастырып келеміз. Мерекелерде өзім, менде мүмкіндік болмаған жағдайда ұжымымыз қарттарымыз бен қызмет алушылардың ахуалын бақылап тұрамыз. Өйткені қарияларымызға ең әуелі жылы сөз керек. Ата-әже тәрбиесін көрген біз үшін олармен бетпе-бет тілдесу — ғұмырлық тәліммен тең. Даналықтың көзі саналатын ардагерлерімізді қашанда қадірлейік. Мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, амандық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін. Әр күн тек қуаныш пен бақытқа толы болсын!» - деді Асия Темірбаева.
Бүгін Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалаларда халықаралық қарттар күні кең көлемде аталып өтті. Атап айтар болсақ, Арыс қалалық мәдениет үйінде 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік шара өтті. Онда ардагерлер кеңесі мүшелері мен әр салада еңбек еткен сала мамандары арнайы шақырылып, ерекше құрмет көрсетілді.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ардақты ардагерлерді айтулы күнмен құттықтап, жалпықалалық мәдени шараларға белсенді қатысып, саламатты өмір салтын ұстанған және қаланың дамуына өзіндің үлес қосқан қарияларды арнайы медальмен және Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар 300-ге жуық ардагерге мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов жасы 100-ден асқан Ақбұлақ ауылының тұрғыны Қызылкүл Қуандықованы төл мерекесімен құттықтап, шаңырағына арнайы барды.
«Сіздің әрбір жүріп өткен өмір жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Қашанда шаңырағыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіз. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін!» — деді аудан басшысы Арман Сәбитов.
Ғасыр куәсі атанған Қызылкүл Қуандықоваға аудан әкімі өзінің атынан арнайы құттықтау хат пен сыйлықтарын табыстап, иығына ақ жаулық жапты. Өз кезегінде, жүз жасаған ана бүгінгі жас буынның өзіне көрсетіп жатқан сый-құрметіне аналық ақжарма тілегін арнады. Ауданды алға дамыту жолындағы жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Ал, Шардара ауданында 100 қарияға аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлық тарту етілді.
Қарттар күніне арналған іс-шаралар облыстың барша аудан, қалаларында жалғасын тапты.