Түркістан облысында 213 кәсіпкер азық-түлік бағасын негізсіз көтерген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысында азық-түлік бағаcының тұрақтылығы басты назарда. ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 9-бабына сәйкес, сатушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына 15 пайыздан артық үстемеақы қоспауы тиіс.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 213 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара көріліп, заң бұзушылықтар жойылды.
Қазіргі уақытта ӘМАТ тізіміне 19 тауар кіреді. Олардың қатарында бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), картоп, асханалық сәбіз, басты пияз, ақ қауданды қырыққабат, ақ қант – құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын – төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), майлылығы 2,5% болатын жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт пен айран, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ), тауық жұмыртқасы (І санатты), ас тұзы («Экстра»-дан басқа), сүзбе бар.
«Жалпы Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты және бағасын негізсіз өсірмеу бойынша жұмыстар күнделікті бақылауда. Сонымен қатар тиісті шаралар өз кезеңімен жалғасады», - делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.