Түркістан облысында 2,5 млн тұт ағашы отырғызылады

ТҮРКІСТА. KAZINFORM — Түркістан облысында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндірілмек. Ол үшін облысқа Өзбекстаннан 2,5 млн түп тұт көшеті жеткізіледі. Мамандар әзірге соның алғашқы 85 000 түбін алып келді.

Ағаш
Фото: Kazinform

Жапырағын жылына төрт рет жинауға болатын тұттың сорты «Әндіжан Мархамат 2017» деп аталады. Алғашқы көшеттер Жетісай ауданы, Мақталы ауылы маңындағы 25 га аумаққа отырғызылды. Ал көшеттердің келесі бір бөлігі Сарыағаш ауданына егіледі. Бұл жұмыстарға Өзбекстаннан арнайы келген аталған сорттың авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Абулфаттох Мусырманкулов әдістемелік көмек көрсетуде.

Тұт отырғызып, жібек өндіруге ниет білдірген тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржылай көмек көрсету тетіктері де қарастырылған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысында аталған пилоттық жобаның тұжырымдамасы және «2024-2026 жылдарға арналған жібек кластерін дамытудың жол картасы» әзірленіп, шаруаларға несие беру бағдарламасы бекітілді. Соған сәйкес тұт ағашын отырғызған кәсіпкер алғашқы өнімін алғанша 20 айға демалыс ала алады. Дегенмен несиенің пайызы оны беруші екі қаржы ұйымының шарттарына байланысты болмақ.

Қазіргі таңда «Қазақ жібек» қауымдастығы мен Өзбекстанның «Узбекипак саноат» қауымдастығы арасында келісім-шарт жасалып, алдағы 3 жыл агро сүйемелдеуге қол жеткізілді. Яғни, жібек шаруашылығында көш ілгері көршілес елдің тәжірибесіне сүйеніп, өңірде саланы дамыту көзделіп отыр.

Жалпы жапырағы ақуыз бен протеинге бай тұт ағашы орта есеппен 70-80 жыл өмір сүреді, ал жидегі түрлі ауруға ем. Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1 млн. теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік бар. Ал өнімді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.