Түркістан облысында 300-ден астам көпір техникалық тексеруді қажет етеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында 300-ден астам көпірге техникалық тексеру жүргізу қажеттілігі анықталды. Өңірде барлығы 868 көпір бар. Қазір олардың бірқатарын жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуат Жұматаевтың айтуынша, өңірдегі көпірлердің 107-сі республикалық, 404-і облыстық, 357-сі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан.
– Биыл облыс аумағында 10 көпірді жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін алты көпірді пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Қуат Жұматаев.
Қазіргі уақытта «Оңтүстік жолдары» МКК облыстық маңызы бар жолдардағы көпір тіректерін нығайту, кіреберіс және шығаберіс бөліктерін бетондау, сондай-ақ су өткізгіш құбырлардың өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын атқарып жатыр.
Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалы республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының 2-шақырымындағы көпірді күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, аудан және қала әкімдіктері тағы үш нысанда тиісті жұмыстарды қолға алған.
Ведомство мәліметінше, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 10 көпір бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мердігер ұйымдар анықталған. Бұл нысандардың жалпы жобалық құны – 7,8 млрд теңге. Ал екінші кезектегі жеті көпірді жөндеудің жобалық құны шамамен 4,2 млрд теңге деп белгіленген.
Еске салайық, бұған дейін Келес ауданының тұрғындары құлаған көпірді қалпына келтіру жұмыстарының кешеуілдеп жатқанына шағымданған болатын.