Түркістан облысында 37 мыңнан астам тұрғын қант диабетімен ауырады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде қант диабетімен науқастанушылар көбейген. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша штаттан тыс бас эндокринолог дәрігер Ғалия Батырханова мәлімдеді.

қант диабеті
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының эндокринологиялық орталығы бүгін ашық есік күнін өткізеді. Іс-шараға келген барлық азамат қандағы қант деңгейін анықтай отырып, арнайы маманнан кеңес ала алады. 

«14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. Қант диабеті – бұл қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен пайда болатын дерт. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде қант диабетіне шалдыққан 500 мыңға жуық азамат тіркелген. Жыл сайын 30 мың адам қант диабетіне шалдығады. Ал, Түркістан облысында қант диабетімен науқастанатын 37 мыңнан астам тұрғын бар. Өңірде жыл сайын 3,5 мыңға жуық адамға аталған диогноз қойылып келеді. Қант диабетін ерте анықтау – оның асқынуларының алдын алуға мүмкіндік береді», - деді Ғалия Батырханова.

Ал, балалар дәрігері-эндокринолог Арай Жайлаубаева облыстағы қант диабетіне қарсы күрес жұмыстарының барысы туралы баяндады. 

«Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында 431 бала инсулинге тәуелді болып тіркеуге алынған. Ал, жыл басынан бергі 9 ай ішінде 38 баладан қант диабеті анықталды», - деді Арай Жайлаубаева.

Соңғы жаңалықтар