Түркістан облысында 6 мыңнан астам адам жануарлардан жарақаттанған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өткен жылы өңірде 50 000 астам қаңғыбас ит пен мысық ауланды ауланды.
Өткен жылы Түркістан облысында 6425 адам түрлі жануарлардан жарақат алған. Оның ішінде 5310 адамды ит тістесе, 694 адам мысықтан, 46 азамат ірі қара малынан зардап шеккен. Дегенмен, өңірде құтыру аурына шалдығу жағдайы тіркелген жоқ.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 49 996 бас қаңғыбас ит пен 1798 мысық ауланған. Ал, биылғы жылы 41 280 қаңғыбас ит пен мысықты аулап, жою іс-шаралары жүзеге аспақ.
Эпидемиолог мамандар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмес үшін, қолдағы жануарларды уақтылы мал дәрігерлеріне көрсетіп, ауруға қарсы вакцина салдыру керектігі туралы кеңес береді. Ең бастысы, мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды адамдардан аулақ ұстау керек.
«Құтыру ауруының вирусы ауру жануарлардан тістеу, тырнау кезінде сілекей арқылы адамның тері қабатына енеді. Сосын жүйке талшықтары мен жұлын миына жеткен вирус адам өміріне қауіп төндіреді. Құтыру ауруына шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, тыныс алу мен жұтынуы қиындайды. Науқас суды көргенде немесе оны ойлаған кезде жұтқыншақ пен көмекейдің спазмалары ашылып, ауаның қозғалысынан, жарық шамының әсерінен, қатты дауыс, шуылдың әсерінен ұстамалары ұстай бастайды», - деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов.
Айта кетейік, 2022 жылы аяғын ит тістеген 14 жасар бала уақтылы ем-дом алмаудың салдарынан араға бір жыл салып көз жұмған болатын.