Түркістан облысында 750 мыңға жуық тұрғын зейнетақы мен жәрдемақы алады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облысы көпбалалы отбасылардың саны бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл жайында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов мәлімдеді.

Түркістан
Фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан облысы елімізде көпбалалы отбасылар көптігінен көш бастап тұр. Бүгінгі таңда өңірде 120 549 көпбалалы отбасы жәрдемақы алады. Сондай-ақ, 64 354 көпбалалы анаға департамент жәрдемақы белгілеген. Бұдан бөлек, 75 262 облыс тұрғыны мүгедектігі бойынша жәрдемақы алса, 21 839 азаматқа асыраушысынан айрылу себебінен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған.

«Қазақстан Республикасы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті өзінің құзыреттілігі шеңберінде зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыруды жүзеге асыру, мүгедектіктігі және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына бақылау жүргізу бойынша 3 бағытта жұмыс жүргізеді. Алғашқысы зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылармен қамсыздандыру болса, екіншісі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, ал үшіншісі әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу» - деді Бегман Нұрмаханов.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс бойынша мүгедектігі бар адамдардың саны 100 029 немесе облыс халқы санының 4,6 пайызын құраған. Бұл республика бойынша жалпы мүгедектер санының 13,7 пайызы екен. Мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 1589-і кәмелетке толмаған балалар болса, қалғаны 18 жастан жоғары ересектер.

Жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша барлығы 196 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 51 нұсқама беріліп, 160 нысанға 34 187,9 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 33 228,0 мың теңгесі немесе 98 пайызы өндірілген. Оның ішінде облыстың, қала және аудан прокуратураларының ұсынуы негізінде 134 нысан бойынша әкімшілік іс қаралып, 29 521,2 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, мемлекеттік бюджет есебіне 29 152,0 мың теңге өндіріліп отыр.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет деп айтылған болатын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуы тиіс. Халықты әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және департаменттің бірінші кезектегі міндеттері болып табылады» - деді спикер.

Жалпы облыс бойынша 747 172 әлеуметтік төлем бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушылар бар. Оның ішінде 186 489 жасына байланысты зейнетақы алушы болса, 175 198 базалық зейнетақы алады. Ал, 346 238 тұрғынға жәрдемақы тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар