Түркістан облысында 80 азамат мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыны мақсатсыз жұмсап жіберген

Түркістан облысында 80 азамат мемлекеттен алған қайтарымсыз қаржыны мақсатсыз жұмсап жіберген. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform. 

Түркістан
Фото: Kazinform

Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз қаржыны мақсатты түрде пайдаланбағандар да бар. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысының 80 азаматы мемлекеттің қаржысын жеке мақсатқа жұмсап жіберген. Сала мамандарының айтуынша қазір бюджет қаражаты толығымен қайтарылған. Ал биыл бұл бағытта талап күшейтіліп отыр.

«Биыл жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд теңге қаржы қаралып, облыс көлемінде 1 688 азамат мемлекеттік грант алды. Бір орынға 27 адам құжат тапсырды. Грант алушылардың көпшілігі жаңа идеялармен келді. Нәтижесінде, кәсіп ашқан азаматтар көбейіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды» - деді Асия Темірбаева.