Түркістан облысында 80 мыңға жуық көшет отырғызылды
ТҮРКІСТАН.KAZINFORM-Көшеттердің ішінде терек, қарағаш, үйіңкі, арша, сириялық раушан, шаған сынды жергілікті климатқа бейімделген ағаштар бар.
Облысқа қарасты 17 аудан, қаланың саябақтары мен гүлзарларына, сонымен қатар елді мекендердің арасындағы жол жиектеріне, мектептер мен орталық көшелерге түрлі ағаштардың көшеттері отырғызылды. Іс шараға қала әкімдіктерінің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар, жергілікті тұрғындар белсене қатысты.
Мәселен, Мақтааралда 5 мыңнан аса көшет егілді. Оның ішінде 4500 дана қараағаш, 200 дана сирия раушаны, 250 дана сабын ағашы және 600 дана легуструм бар.
Кентау қаласында да 5 000 көшет егілді.

Оларды алдағы уақытта мектеп оқушылары суарып, баптап жүретін болады. Мұндағы мақсат – жастарды табиғатты аялауға шақыру.
Көппен бірге көшет отырғызған Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бұл бастаманың мәні зор екенін, көгалдандыру жұмыстары ай көлемінде жүргізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ әрбір тұрғын өзінің ауласын, тіпті аудан аумағын жасыл желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екенін тілге тиек етті.

Төлеби ауданында Наурызнаманың алтыншы күні - Жаңару күні қарсаңында 27 мыңға жуық көшет егіліп жатыр.
