Түркістан облысында АИТВ жұқтырудың 100-ден астам жағдайы тіркелді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Биыл Түркістан облысында АИТВ инфекциясын жұқтырудың 104 жағдайы анықталды. Қазақстан азаматтары арасында тіркелген жағдайлар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5-ке артқан.
Мамандар тұрғындарды инфекцияның алдын алу үшін тұрақты түрде медициналық тексеруден өтуге шақырады.
Түркістан облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы басшысының орынбасары Дәурен Рыскелдиевтің айтуынша, биыл өңірде инфекция анықталғандардың 102-сі – Қазақстан азаматы, ал екеуі – шетелдік. Жас ерекшелігі бойынша 40-49 жас аралығындағы азаматтардың үлесі басым.
– Түркістан облысында 2026 жылдың 10 айында тіркелген АИТВ инфекциясы жағдайларын жас топтары бойынша сараласақ, 15-19 жас аралығындағылардың үлесі – 2,9%, 20-29 жастағылар – 13,7%, 30-39 жастағылар – 26,5%, 40-49 жастағылар – 27,5%, 50-59 жастағылар – 23,5%, ал 60 жастан асқандар – 5,9%. Инфекция жұқтырғандардың 60,8%-ы – жұмыссыздар. Сонымен қатар жұмыс істейтіндер – 26,5%, студенттер – 2%, зейнеткерлер – 5,9%, әскери қызметкерлер – 1%, ал әлеуметтік мәртебесі анықталмағандар – 3,9%, – деді Дәурен Рыскелдиев.
Спикердің айтуынша, 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай өңірде инфекцияның алдын алу және халықтың ақпараттану деңгейін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы мақсатта 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығына арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Оның аясында тұрғындарға АИТВ инфекциясының алдын алу жолдары түсіндіріліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қолға алынған.
Бұған дейін Астанада АИТВ жұқтырғандар саны 280-ге жеткенін жазған едік.