Түркістан облысында алаяқтықтың ең көп тараған түрі қандай

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Жыл басынан бері 300-ден астам алаяқтық қылмысы тіркелді.

интернет-мошенники
Фото: Freepik

Өңірде қайтарымсыз қаржы алып беру дерегі көш бастап тұр. Яғни грант алғысы келгендерге қатысты 66 дерек тіркелген. Сондай-ақ тауарға алдын ала төлем жасау, жұмысқа орналастыру, автокөлікті құжаттандыру, кезексіз үй алып беру, несие шығарып беру, оқуға түсіру, шет елге құжат рәсімдеу, мүгедектікке шығуға көмектесу мәселелері бойынша алаяқтық деректері жиілеген.

Мәселен, Кентау қаласында «Мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін» деп 4 бірдей тұрғынды алдаған күдікті ұсталды. 24 жастағы ер адам жәбірленушіге мемлекеттік бағдарламамен үй алуға көмектесетінін айтқан. Қызметі үшін алдын ала 500 мың теңге ақшасын алып, кейін онымен байланысын үзген.

Тәртіп сақшылары тексеру барысында күдіктінің дәл осылай алаяқтықтың 3 жайтына қатысы бар екенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі – 1,5 миллион теңге. Қазір күдіктінің ісі сотқа өтті.

Жалпы облыста алаяқтық қатысты қылмыстық істер бойынша 35 күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

- Бұл қылмыс түрінің алдын алу бойынша түркістандық полицейлермен атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар қатары ауқымды. Десе де алаяқтың арбауына түсіп, барынан айырылып қалатындар әлі де көп. Сондықтан жақын таныс емес адамдарға, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер, - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында заңсыз тасымалданған 11 тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленгенін жазған болатынбыз.