Түркістан облысында алғашқы мақта алқаптарына су жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының Жетісай ауданында мақта алқаптарын суару жұмыстары басталды

Түркістан облысында алғашқы мақта алқаптарына су жіберілді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы биыл Жетісай ауданындағы алғашқы мақта алқаптарына су жеткізе бастады. «Төлеген ата» шаруа қожалығы суармалы суды К-30 каналы арқылы алып отыр. Егістік алқаптарын суаруға кіріскен диқандар биыл судың қажетті көлемде және тұрақты түрде беріліп жатқанын айтып жатыр.

— Биыл 9,5 гектар алқапқа мақта ектік, қазір алқапты суаруды бастадық. Су мол, тұрақты келіп жатыр. Ол үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғысымызды білдіреміз, — деді «Төлеген ата» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Қуатбек.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы Жетісай ауданындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігі үшін 340 млн текше метрден астам су жеткізді.

Бұған дейін АШМ биыл күріш пен мақта алқабы тағы азайғанын хабарлады.