Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан облысында алты айда мал ұрлығының 48 дерегі тіркелген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде мал ұрлығы тоқтамай тұр. Алты айда 48 дерек тіркеліп, 12 қылмыстық топ ұсталды.

мал ұрлығы
Фото: Polisia.kz

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы алты айында өңірде мал ұрлығының 48 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 дерекке көп. Оның ішінде 35 қылмыстың беті ашылған.

— Ең көп мал ұрлығы Қазығұрт және Ордабасы аудандарында тіркелді. Екі ауданда да 8 деректен есепке алынды. Ал Келес ауданында 5 дерек тіркелді, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.

Жыл басынан бері өңірде мал ұрлығымен айналысқан 12 қылмыстық топ ұсталды. Олардың 21 мал ұрлығы дерегіне қатысы бары анықталған. Сондай-ақ жарты жыл ішінде ұрланған 225 бас малдың 172-сі табылып, заңды иелеріне қайтарылды.

Еске салайық, өткен жылы облыста 615 бас мал ұрланып, оның 474-і иелеріне қайтарылған. Полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан 19 қылмыстық топ ұсталып, 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін 2026 жылдың бес айында еліміз бойынша мал ұрлаумен айналысқан 58 топтың ұсталғаны туралы хабарлаған едік.