Түркістан облысында аптап ыстық шегірткелердің белсенділігін арттырды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазіргі таңда өңірде химиялық өңдеу жұмыстары түнгі ауысымда жүргізіліп жатыр.

Мамандардың мәліметінше, күннің күрт ысуы шегірткелердің белсенділігін арттырған. Осыған байланысты өңдеу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында дәрілеу түнгі уақытқа ауысты.
Соңғы төрт күн ішінде Отырар, Арыс және Ордабасы аудандарының шекаралас аумақтарында 850 гектар жер өңделді.
Ал күндізгі уақытта арнайы топтар алқаптарды аралап, мониторинг жүргізіп келеді.
Бозай ауылдық округінде – 40 анықтаушы мен 7 техника, Жамбыл ауылдық округінде – 30 анықтаушы мен 6 техника, Ошақты ауылдық округінде – 10 анықтаушы мен 3 техника, Бірлік ауылдық округінде 60 анықтаушы мен 11 техника жұмыс істеп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, тұрғындардан түскен ақпарат негізінде анықталған ошақтар ерекше бақылауға алынып, шұғыл түрде дәріленеді.
Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша шегірткеге қарсы жалпы көлемі 368,6 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілген. Атап айтқанда, Арыс ауданында – 132,9 мың гектар, Келес ауданында – 108,8 мың, Сарыағашта – 97 мың, Шардарада – 5 724, Ордабасыда – 11,5 мың, Бәйдібекте – 5 750, Қазығұрт ауданында – 4 954 гектар жер химиялық өңдеуден өтті.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысы жыл сайын шегірткеден зардап шегетінін жазған болатынбыз.