Түркістан облысында атасы немересін зорлады деген күдікке ілінді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Отырар ауданында атасы немересін зорлады деген ақпарат тарады.
Осыған байланысты Kazinform тілшісіне Түркістан облысы полиция департаменті ресми түсінік берді.
Ведомствоның мәліметінше, баланың анасы ұлының зорланған болуы мүмкін екенін айтып, арызданған. Аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
– Отырар ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты болуы мүмкін құқыққа қайшы іс-әрекеттер бойынша жазған арызына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алғашқы тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз әрекеттер анықталмады, баланың денесінен жарақаттар табылған жоқ, – делінген ресми ақпаратта.
Қазіргі таңда барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жалғасып жатыр. Қосымша сараптамалар тағайындалған.
Полиция өкілдері тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатынын хабарлады. Сонымен қатар тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін және азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Бұдан бұрын Отырар ауданында 6 жасар қызды 9 сынып оқушысы зорламақ болды деген мәлімет тарағанын жазған едік.