Түркістан облысында автогаз тапшылығы туындады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Соңғы кезде өңірде автогазға деген қажеттілік артқан. Жанар-жағар май құю бекеттерінде кезекке тұрушылар көп. Сала мамандары бұл мәселені облыстағы автогазбен жүретін автокөліктер санының артуымен және облыс аумағынан шетелдік көліктердің көп өтуімен байланыстырып отыр.

Жалпы өңірде 301 автогаз құю станциясы бар. Газбен жүретін 56 352 көлік тіркелген.
Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы № 233 бұйрығына сәйкес, облыста сұйытылған мұнай газының бағасы — 1 литр үшін 70-75 теңге көлемінде сатылуда.
Қазіргі таңда автогаз құю бекеттерінде газ тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың сөзіне сүйенсек, сұйытылған мұнай газымен жүретін автокөліктер санының артуынан және облыс аумағынан шетелдік көліктердің көп өтуіне байланысты автогазға деген сұраныс жоғарылаған.
«Жалпы облыста сұйытылған мұнай газдың ай сайынғы қажеттілігі — 15 000 тонна, ал тәуліктік тұтыну көлемі — 450-500 тонна. Алайда, биылғы жылдың басынан осы уақытқа дейін қажетті көлем Энергетика министрлігі тарапынан бөлінбеді. 2024 жылдың ІІІ тоқсанына Энергетика министрлігі 3 айға 33 012 тонна сұйытылған мұнай газ көлемін бөлді. Шілде айына қосымша көлеммен бірге 13 248 тонна жеткізілді. Қалған 10 980 тонна (306 вагон) кезең-кезеңімен келмек. Қазіргі таңда облыста газ таратуды заңсыз шектеу бойынша аудан-қала әкімдіктерінен құрылған жұмысшы топ автогаз бекеттерін тексеру жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Оған қоса, облысқа бөлінген сұйытылған мұнай газының көлемін басқа облысқа шығармау мәселесі бойынша ішкі істер департаменті полициясымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Руслан Мұздыбеков.