Түркістан облысында балалардың қараусыз қалуынан 8 судағы жазатайым оқиға тіркелді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Дәурен Жүсіпов биыл наурыз-сәуір айларында өңірде судағы жазатайым оқиғалар бойынша 8 жағдай тіркелгенін айтты.
Оның сөзінше, аталған фактілердің барлығы кәмелетке толмағандарға қатысты болған. Оқиғалардың негізгі себебі – балалардың қараусыз қалуы.
– Облыс аумағындағы жазатайым жағдайлардың екеуі суармалы каналдарда тіркелді. Келес және Машат өзендерінде тағы екі жағдайда балалар суға құлап, ағып кеткен. Бұдан бөлек екі дерек жылыжай маңындағы су жиналған шұңқырларда, біреуі кәріз жүйесіндегі шұңқырда, ал тағы біреуі үй ауласындағы су толы ыдысқа құлау салдарынан болған. Өкінішке қарай 7 бала көз жұмған. Келес ауданындағы бір баланы іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, - деді ол баспасөз мәслихатында.
Спикердің мәлімдеуінше, 2025 жылы облыс аумағында түрлі жағдайда суда болған оқиғаларға қатысты 55 адам қаза тапқан. Оның ішінде 11 жағдай шомылу кезінде тіркелген, 6-ауы – балалар.
Өткен жылы шомылу маусымында жүргізілген рейдтерден соң 151 жеке тұлғаға 2 млн теңгеден астам, ал 3 заңды тұлға мен 3 кәсіпкерге 235 мың теңге теңге көлемінде айыппұл салынған.
Айта кетейік, Түркістан облысы Келес ауданында 8 жасар баланы іздеу бойынша іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Анасының айтуынша, ол 23 наурыз күні Келес өзенінде суға құлап, батып кеткен.
Сондай-ақ Түркістан облысы Машат ауылында суға кеткен 2 жасар баланың денесі табылғанын жазған едік.