Түркістан облысында биыл 900-ге жуық азамат «қандас» мәртебесін алды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – 9 ай ішінде 472 отбасын құрап отырған 875 этникалық қазақ Түркістан облысына қоныс аударған. Нәтижесінде оларға «Қандас» мәртебесі берілген.
Өзбекстаннан - 853, Тәжікстаннан - 11 және басқа мемлекеттерден - 11 адам өңірге көшіп келген. Қоныс аударған этникалық қазақтардың 345-і Сарыағаш ауданына, 138-і Ордабасы ауданына, 121-і Қазығұрт ауданына, 119-ы Келес ауданына, 73-і Сайрам ауданына, 24-і Жетісай ауданына, 14-і Түлкібас ауданына, 23-і Мақтарал ауданына, 13-і Түркістан қаласына және 5 адам басқа аудан-қалаларға қоныстанған.
Этникалық қоныс аударушылардың 498-і еңбекке жарамды. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар -17, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар -175, жұмыссыздар немесе жұмыс іздеушілер -154 және басқа да санаттағылар 152 адам.
Ал, ішкі көші-қон мәселесіне келетін болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облысты белгіледі. Олар - Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары.