Түркістан облысында биыл қанша елді мекен газбен қамтылады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Облыста 2027 жылға дейін 161 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

а
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өткен жылы өңірде газбен қамту мақсатында 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлінген.

Оның ішінде 45 нысанның құрылысы былтыр аяқталып, 41 елдімекенде 70 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Өткен жылдың қорытындысымен 800-ден астам елдімекеннің 606-на газ жеткізіліп, қамту көрсеткіші 88,7 пайызға жетті.

– Биыл облыста 74 нысанның құрылысы жүргізіліп, 33 нысанды аяқтау жоспарланған. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 13,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 34 елдімекенде 19 663 тұрғын газбен қамтылады. Ал қалған 41 нысан 2027 жылға өтпелі. Биыл өңірде газбен қамту көрсеткіші 89,6 пайызға жетеді деп межеленіп отыр, – деді басқарманың бөлім басшысы Қуаныш Өмірәлиев.

Оның айтуынша, өңірдегі елдімекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкімдігімен 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген.

– Өңірде кейбір елдімекендерде халық саны өте аз, мысалы елдімекен санатындағы бір ауылда тек 12 үй ғана бар. Сол себепті бұл жерлерге газ жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Қазіргі таңда мұндай 36 елдімекен анықталған. Жалпы жоспарға сәйкес, 161 елдімекенді 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген, – деді спикер.

Бұдан бұрын Түркістан облысында қыс ортасында 170-тен астам үй газсыз қалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар