Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 547 миллион теңгеден астам қаржы жымқырды деген айыппен сотталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Сарыағаш аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс аяқталды.

жемқорлық
Фото: видеодан алынған кадр

Айыпталушылар 2016-2023 жылдар аралығында басшылық және бухгалтерлік қызметтерді атқара отырып, білім бөлімінде немесе оған қарасты мекемелерде бұрын-соңды жұмыс істемеген адамдардың атына жалған төлем құжаттарын рәсімдеген. Содан аталған құжаттардың негізінде бюджет қаражаты үшінші тұлғаның шоттарына аударылып, қасақана жымқырылған.

Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде мемлекетке жалпы 547 274 010 теңге материалдық залал келтірген.

Сотталушылардың кінәсі сот-экономикалық сараптама қорытындыларымен, куәлердің жауаптарымен, сотталушылардың сотта берген жауаптарымен және істің басқа да құжаттарымен толық дәлелденді.

Сот үкімімен кінәлілер 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылды.

Атап айтар болсақ, білім бөлімін басқарған Б.Майрихов пен Д. Ақатовқа 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Басшының міндетін атқарған Нұрман Үсіпбековтің белгілі бір лауазымдарды атқару құқығына өмір бойына тыйым салынды және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бас есепші Жасұлан Тұрымбетов пен бас есепшінің орынбасары Ержан Асылов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Келтірілген шығынды өтеген есепші Ержан Бердібеков пен Гүлсара Өтегенова 2 жылға сотталды және 2 жыл мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Есепшілер Жәнібек Төлеген мен Манас Сейдәзімовке шартты түрде жаза тағайындалды. Сондай-ақ есепшілер Акарис Құдайберген мен Нұрсұлтан Жолчиев келтірілген шығынды өтеп берді. Оларға да шартты жаза тағайындалды.

- Сот сотталушыларға жаза тағайындау кезінде, олардың жауапкершілігін жеңілдетенін мән-жайларға, отбасы жағдайына, қылмыспен келген залалды толық қайтарғандарын, бұрын сотты болмағандарын ескерді. Жәбірленуші өкілінің азаматтық талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылып, оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алатыны түсіндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Атырау сотында мемлекеттік Туды қорлаған тағы бір жасөспірімнің ісі қаралғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар