Түркістан облысында бірқатар сот төрағасы мен судьялар тағайындалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов ҚР Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы № 1312 Жарлығымен таныстырды.

Әбдусейіт Әшірбаев
Фото: Түркістан облыстық соты

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болып Бабырхан Абуев тағайындалды. Ол 2002 жылдан бері сот жүйесінде түрлі қызметтер атқарған.

Бабырхан Абуев
Фото: Түркістан облыстық соты

Сарыағаш аудандық сотының төрағасы лауазымына Әбдусейіт Әшірбаев тағайындалды. Еңбек жолын 2003 жылы бастап, 2017 жылға дейін сот орындаушысы қызметін атқарған. Ал 2017 жылдан бері Сайрам аудандық сотының судьясы болды.

Сонымен қатар бірқатар азамат судья лауазымына тағайындалды.

Айгерім Паяева
Фото: Түркістан облыстық соты

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып Айгерім Паяева тағайындалды. Ол 2016 жылдан бері сот жүйесінде бас маман және сот отырысының хатшысы қызметтерін атқарған.

Меруерт Айтбаева
Фото: Түркістан облыстық соты

Жетісай аудандық сотының судьялары болып Меруерт Айтбаева мен Еркін Ибрагимов тағайындалды. Меруерт Айтбаева 2003 жылдан бері сот жүйесінде түрлі қызметтер атқарған. Ал Еркін Ибрагимов 2008-2013 жылдары «Конти-Строй» ЖШС-де заңгер болып жұмыс істеген. 2013 жылы ОҚО әскери басқармасында инспектор қызметін атқарып, 2016 жылдан бері сот жүйесінде еңбек еткен.

Еркін Ибрагимов
Фото: Түркістан облыстық соты

Сарыағаш аудандық сотының судьясы қызметіне Қарлығаш Арыстанова тағайындалды. Ол 2013 жылдан бері сот жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.

Қарлығаш Арыстанова
Фото: Түркістан облыстық соты

Мақтаарал аудандық сотының судьясы болып Тұрлыбек Мәдиев тағайындалды. Ол 2014-2022 жылдары сот жүйесінде бас маман және сот мәжілісінің хатшысы қызметтерін атқарған. 2022-2025 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінде бас сарапшы болып жұмыс істеген.

Тұрлыбек Мәдиев
Фото: Түркістан облыстық соты

Бұған дейін Қызылордада сот төрағалары мен судьялар тағайындалғаны туралы хабарлаған едік.