Түркістан облысында емдік шөптерді теріп, шетелге сатуға тыйым салынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Емдік қасиеті бар өсімдіктерді теріп алып, шетелге шығарушылардың саны артқан. Бұл туралы Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев мәлімдеді.
Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, аталған өсімдіктерді пайдалануға тыйым салынбаған.
Дегенмен, сасық кеурек пен жалаңаш мияның жойылуы жердің тозуына, құмның көшуіне алып келеді.
Сол себептен мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында өңірде жабайы өсімдіктерді пайдалану құқығын шектеу жөнінде шешім қабылданып отыр.
Облыс аумағындағы табиғи популяцияның қалпына келуі үшін жалаңаш мияны — 5 жыл, сасық кеуректі — 8 жыл мерзімге пайдалану құқығын шектеу туралы қаулы қабылданды.
«Заңға сәйкес, жергілікті қадағалаушы орган — біздің басқарма. Оның құзырына өсімдіктердің популяциясын күзету, қорғау, қалпына келтіру, мониторг жүргізу жұмыстары кіреді. Сондықтан, заңнаманы бұзған заңды және жеке тұлғаларды жауапқа тарту мақсатында жинақталған құжаттар жоғары тұрған тексеруші органдарға ұсынылады», — деді Қайрат Абдуалиев.