Түркістан облысында энергетикалық сусындарды жастарға сату тәртібі күшейтілді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында энергетикалық сусындарды тұтынуды шектеу және сату ережелерін сақтау мақсатында ақпараттық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сату заңмен тыйым салынған. Сонымен қатар сауда нысандарының иелеріне «Энергетикалық сусындарды жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады» деген ескерту жазбасы көрнекі жерде орналастыру міндеттелді.
Алдын ала жүргізілген тексеру барысында кейбір сауда нүктелерінің бұл талаптан хабарсыз екені анықталды. Осыған байланысты прокуратура органдарының бастамасымен облыстағы барлық сауда орнында, соның ішінде мектеп маңындағы дүкендерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті ескерту жазбалары ілінді.
Енді сатушылар сатып алушының жасын анықтау үшін жеке куәлігін сұрауға және құжат көрсетілмеген жағдайда өнімді сатудан бас тартуға міндетті.
Прокуратура органдары егер энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сату фактілері анықталса, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 199-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Осы ретте Түркістан облысының прокуратурасы тұрғындарды заң талаптарын орындауға шақырды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда энергетикалық сусындар акцизделетін тауарлар қатарына қосылды.