Түркістан облысында ескерткіш орнатуда ереже ескермейтіндер көп
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Соңғы 3 жылда облыс аумағында 31 ескерткіштер орнатылған. Оның ішінде 22-сі монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның шешімімен, заңнама талаптарын сақтай отырып жасалса, 9 заңдастырылмаған. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.
Жалпы Түркістан облысында 842 монументті өнер туындылары бар. Оның 89 ескерткіш болса, 339-ы бюст, ал 414-і стелла. Бір өкініштісі, бүгінде қоғамда қор ашып, ақша жинап, ешқандай рұқсат алмай ата-бабаларына ескерткіш қоюшылар көбейген.
«Өңірдегі ономастикалық комиссияда тарихи тұлғалардың тізімі қалыптасқан. Сол тізімге енген азаматтарға ғана ескерткіш қоюға болады. Ал, бізде мектепті бітірген түлектер 20, 30 жылдыққа жиналған сәтте, ақша жинап, бірден ескерткіш орнатып тастайды. Бұл дұрыс емес. Ескерткіш орнату екі кезеңнен тұрады. Бірінші идеялық жоба ұсынылады. Оны біз қарап, республикаға ұсынамыз. Сол жақтан рұқсат берілген кезде мүсіннің пластилиннен жасалған жұмыс жобасын алып келеді. Жоба келісілген соң ғана ескерткішті орнатуға рұқсат беріледі. Қазір әр аймақтан атамызға ескерткіш қоямыз деген ұсыныстар көп. Дегенмен, республикалық комиссияның жыл соңына дейін жұмысы тоқтатылып тұр»,- деді Әзімхан Қойлыбаев.