Түркістан облысында есірткі контрабандасына қатысты 100-ден астам шетелдік ұсталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қолға түскендер қатарында 88 Өзбекстан және 37 Тәжікстан Республикасының азаматы бар. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

закладчик
Коллаж: Canva

Тәртіп сақшылары биылғы жылдың 10 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 652 дерекке тосқауыл қойды. Оның 267-сі қылмыс болса, 385-і теріс қылық. Сондай-ақ, 42 дерек есірткі сатуға қатысты болса, 13 дерек аса ірі көлемде есірткі сақтау, 67 дерек құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірумен байланысты. Ал, есірткіні, психотроптық заттарды заңсыз жарнамалау, насихаттау бойынша 8 дерек тіркелген. 

Полиция мен прокуратура өңір жастарымен бірлесіп, 100-ге жуық есірткі жазбаларын жойды. Заңсыз айналымнан 335 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. 

Трамадолға қатысты 2 қылмыстық іс, 1 теріс қылық тіркеліп, 1000 дана трамадол дәрісі тәркіленді. Сондай-ақ, есірткі қойып кетуші 34 тұрғын анықталып, олардан 4 келіден астам синтетикалық есірткі алынды. Сонымен қатар тікұшақпен аудандарда есірткі егуге ықтимал жерлерге әуемен барлау жұмыстары жүргізілді.

«Есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдаудың 137 арнасының жұмысы тоқтатылды. Атап айтар болсақ, контрабанданың 127-сі Өзбекстан шекарасынан Қазақстан аумағына өту кезінде анықталды. Ал, 10 жайт Қазақстаннан Өзбекстанға өту сәтінде жолы кесілді. Күдіктілердің 88-і өзбекстандық болса, 37-сі Тәжікстан Республикасының азаматтары» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын ШҚО тұрғынының көлігінен 240 келіден астам тірі шаян табылғанын жазған болатынбыз.