Түркістан облысында ғасыр жасаған қариялар өз таңдауын жасады

Түркістан облысында ғасыр жасаған қариялар мен ақ жаулықты әжелер өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Kazinform.

Сайлау
Фото: ӨКҚ

Бәйдібек ауданы, Борлысай ауылдық округіндегі №168 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері 103 жастағы Қарашаш Тәжібаева мен 100 жастағы Шитібек Жұматаевтың шаңырағында болды. 

Түркістан
Фото: ӨКҚ

Ғасыр жасаған қос тұрғын аудан әкіміне үміткерлерге жылжымалы сайлау жәшігі арқылы дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Қариялар еліміздің келешегі кемелді, болашағы баянды, Тәуелсіздігі тұғырлы болуын тілеп, бата берді.

Жалпы Бәйдібек ауданында 50 сайлау учаскесі бар. Аудан бойынша 28 807 тұрғын сайлау құқығына ие. Қазіргі таңда бәйдібектіктердің науқанға қатысу белсенділігі жоғары.

Ал, Шардара ауданы Алатау батыр ауылдық округінің тұрғыны 104 жастағы Жібек Кожасова №869 сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады. Сондай-ақ кейуана көпшілікті сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Ғасыр жасаған
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жалпы Шардара ауданында 33 сайлау учаскесі бар. Барлық дауыс беру орындары материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да учаскелерде толық жағдай жасалған. 

Айта кетейік, бүгін Түркістан облысының 4 ауданында әкім сайлауы өтіп жатыр.