Түркістан облысында қанша ардагер тұрады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде мерекеге орай берілетін бір реттік әлеуметтік көмектің мөлшері белгілі болды. 

Түркістан облысында қанша ардагер тұрады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бүгінде Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғыстың 3 ардагері тұрады. Ең жасы үлкені — сарыағаштық 103 жастағы Эрмахон Ишохонов. Жетісайлық Петр Папков 101 жаста болса, сайрамдық Ахмеджан Анартаев биыл ғасырлық белеске жетпек.

Сонымен қатар өңірде Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушыларына теңестірілген 1462 адам, 2082 тыл ардагері және қайтыс болған соғыс мүгедектерінің 86 жұбайы бар.

Жергілікті әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, биыл мәслихат шешімдері негізінде 9 мамыр — Жеңіс күніне орай бір реттік әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған.

— Жетісай және Сарыағаш аудандарында тұратын екі қарт майдангерге 5 млн теңгеден, ал Сайрам ауданындағы бір соғыс ардагеріне 1 млн 650 мың теңге беріледі. Сонымен қатар соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтарға 129 600 теңге, тыл ардагерлеріне 64 800 теңге, ал қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайларына 86 400 теңге көлемінде төлем қарастырылған, — деп хабарлады облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Бұдан бөлек ардагерлерге денсаулығын жақсарту мақсатында санаторлық-курорттық мекемелерге тегін жолдамалар ұсынылады.

Ведомство мәліметінше, Жеңіс күні қарсаңында облыс орталығы мен барлық аудан-қалаларда ардагерлерді құрметтеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында ардагерлердің үйлеріне арнайы барып құттықтау рәсімдері және «Ардагерлерді ардақтайық» атты кең ауқымды акциялар өткізу көзделген.

Бұдан бұрын Шымкентте мерекелік бір реттік әлеуметтік көмек кімдерге берілетінін жазған едік

Соңғы жаңалықтар