Түркістан облысында қасиетті рамазан айында түрлі тағылымды шаралар өтеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Рамазан айында облыс аймағындағы барлық мешіттерде «Қош келдің Рамазан», «Рамазан жақсылық айы» секілді түрлі діни іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ҚМДБ Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Төлепов мәлімдеді.

Брифингке қатысқан Түркістан облысының дін істері жөніндегі басқарма басшысы Рүстем Сабыржанұлы қасиетті айда сауда орындары қымбатшылыққа жол бермей, ішімдіктерді сатпауға шақырды. Сондай-ақ, ораза кезінде жас балалардың денсаулығына мұқият болуды және түнгі уақытта 23:00–ден кейін жарамазан айтып көшеде жүрмеуін қадағалау үшін ата-аналарға арнайы үндеу жасады.
Ал, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Төлепов қасиетті айда көптеген қайырымдылық акциялар қолға алынатынын жеткізді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы биыл еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді. Рамазан айында облыс аймағындағы барлық мешіттерде «Қош келдің Рамазан», «Рамазан жақсылық айы» секілді түрлі діни іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр» — деді Ержан Төлепов.