Түркістан облысында қасқыр мен шибөрі тоғайдағы малдарға шабуда

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Отырар ауданының тұрғындары төрт түлігін тоғайға шығара алмай отыр.

қасқыр
Фото: Pixabay

Соңғы кездері Отырар ауданы аумағында қасқыр мен шибөрілердің малға шабуы жиіліп кеткен. Әсіресе, Аққұм, Көксарай, Маяқұм, Қоғам, Талапты ауылдық округтерінің тұрғындары төрт түлігін тоғайға шығара алмай қалған. Себебі, жыртқыштар тебінде жайылатын жылқылар мен жеке шаруа қожалықтарындағы жас төлдерді жеп кетіп жатыр. Ал, оларды атуға жергілікті тұрғындардың рұқсаты жоқ.

«Қазір аңдардың ұйығатын кезеңі. Көбейеді. Ел ішінде «Сырдың бойындағы тоғайларды паналаған», «Ұлттық парк аумағындағы жүр» деген әңгімелер көп. Ал, қасқырды атуға арнайы рұқсат керек. Ұлттық парк аумағына қарумен мүлдем кіруге болмайды. Ол үшін арнайы ресми хат жазылып, рұқсат алынуы керек. Ал, шибөрілер ауылдың маңайында жүр. Дер кезінде қауіпсіздік шараларын қолға алу керек деп ойлаймын», - дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторы Абзал Үсенханұлы.

Жуырда Отырар ауданының әкімдігінде арнайы жиын өтіп, түз тағыларынан келер қауіп-қатердің алдын алу мәселесі қаралды. Аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов дала жыртқыштарының шаруаларға келтіріп жатқан залалы аудан тұрғындарымен кездесу барысында жиі айтылатын өзекті мәселенің біріне айналғанын айтты.

Аудан әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері Асхат Әмірхан дала жыртқыштарын аулаудың тәртібі мен қағидалары туралы баяндама жасап, заңдылығын түсіндірді.

Сондай-ақ, Отырар орман және жануарлар дүниесі қорғау мекемесі мен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің мамандары тиісті аумақтарда жабайы аңдарды атуға тыйым салынған шектеулер жайында баяндады.

«Amanat» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Еркеғали Таңатаров бүгінгі таңда тұрғындардың күн көрісіндегі жалғыз малы, кейбір азаматтардың несиеге алған төрт түлігі түз тағысының жемтігіне айналғанын, тіпті шибөрілердің ауыл аралап жүруі, иесіз жүрген қаңғыбас иттердің көбеюі тұрғындарға, балаларға қауіпті екенін жеткізді.

Жиынның қорытындысына сәйкес мәслихат пен партия филиалы және аудан әкімдігі бірлескен арнайы жұмыс тобын құрды. Онда тұрғындар тарапынан айтылған тиісті ұсыныстар мен шағымдар жинақталып, оңтайлы шешу мәселесі қаралмақ.

Соңғы жаңалықтар