Түркістан облысында қатты нөсерден екі көпірді су шайып кетті

көпір
Фотоны жергілікті тұрғындар түсірген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгін жауған қатты жауын-шашын салдарынан Түркістан облысында екі ауылдағы көпірді су алды. Жергілікті әкімдік өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Кентау қаласы мен Қарнақ ауылын жалғайтын жолдағы көпірдің бір бөлігін жаңбыр суы шайып кеткен.

Қазір полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке шығып, жолдағы қозғалысты тоқтатып тұр. 

көпір
Фотоны жергілікті тұрғындар түсірген

«Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты өзендегі су деңгейі көтерілді. Салдарынан Қарнақ ауылының көпірін (көпірдің ұзындығы — 30 м, ені — 10 м) ішінара су алған. Қазіргі таңда елді мекенге қауіп жоқ. Көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті әкімдік, төтенше жағдай департаменті тиісті жұмыстарды ұйымдастырып жатыр» делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта. 

көпір
Фотоны жергілікті тұрғындар түсірген

Сондай-ақ, Созақ ауданы Қаратау ауылдық округіне қарасты Бақырлы ауылына кіреберістегі көпірді де су шайып кеткен. 

«Елді мекенді су басу қаупі жоқ. Қазіргі уақытта жауын-шашын тоқтаған. Жергілікті атқарушы орган тарапынан көпірді қалпына келтіру жұмыстары қарастырылуда. Оқиға орнында құзырлы органдар, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр» деді әкімдіктегілер.

көпір
Фотоны жергілікті тұрғындар түсірген

 

Соңғы жаңалықтар