Түркістан облысында қатты желден 18 000 астам абонент жарықсыз қалды

Түркістан облысында қатты желден 18 000 астам абонент жарықсыз қалды
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бәйдібек, Сауран, Ордабасы, Түлкібас аудандары мен Кентау қаласында жарық сөніп қалды, деп хабарлайды Kazinform. 

Қатты желдің салдарынан Кентау қаласында 10 нысанға зақым келді. Оның ішінде 6 мектеп, 1 балабақша, 2 көп қабатты тұрғын үй, 1 жылыжайдың шатыры ұшып, терезелері сынған және сыртқы қаптамалары түсіп қалған. Сондай-ақ, жеке сектордағы үйлердің де қақпалары мен қоршаулары құлаған.

Ал Бәйдібек, Сауран, Ордабасы және Түлкібас аудандарындағы елді мекендерінде электр қуаты сөніп, жалпы 18 682 абонент жарықсыз қалды.

«Қазіргі таңда 10453 абонент электр қуатына қосылды. Қалған 8229 абонентті электр қуатына қосу бойынша жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағытқа 52 адам, 19 техника жұмылдырылып отыр», - делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, өңірде жалпы 23 000 астам абонент ауызсусыз қалды. Бұрқасын бораннан Кентау қаласы мен Сауран және Түлкібас аудандарында ауызсу беру тоқтаған.

«Қазіргі таңда Кентау қаласында 17000 абонент су көзіне қосылды. Қалған 2 аудан бойынша жөндеу жұмыстары жалғасуда. «Сауран су», «Тұраркент су» және «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемелерінің жөндеу бригадаларымен жұмыс істеп жатыр», - делінген ведомство берген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар