2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Түркістан облысында келісімшартсыз су пайдаланудың 793 фактісі анықталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында су пайдалану кезінде заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

егістік
Фото: Үкімет

Биыл Түркістан облысы бойынша 4,7 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Оның ішінде тұрақты суаруға 3,8 млрд текше метр су бөлінген. Вегетациялық кезеңде Сырдария бассейні бойынша 2,5 млрд текше метр су пайдаланылған.

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ақтөре Түймебектің айтуынша, инспекция мамандары су заңнамасының сақталуын бақылау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Оның сөзінше, биыл құқық қорғау органдарымен жұмыс тобы құрылып, Шардара су қоймасы, Сырдария, Арыс және Келтемашат өзендерінің бойында рейдтік іс-шаралар өткізілген.

— Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 35 тұлғаға жалпы сомасы 5,4 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК-мен бірлесіп Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында келісімшартсыз су пайдаланудың 793 фактісі анықталды. Аталған фактілер бойынша келтірілген 122,7 млн теңге залалды өндіріп алу жөніндегі талап қою арыздары сотқа жолданды, — деді Ақтөре Түймебек.

Сондай-ақ облыстың бес ауданындағы ауыз сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға жүргізілген тексеру барысында Су кодексі талаптарын бұзудың 114 фактісі анықталды. Нәтижесінде 40 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта бақылау жұмыстары облыстың өзге аудандарында жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, Шаян, Арыс және Ырмақ өзендерінің бойында, сондай-ақ Сауран ауданында заңсыз балық тоғандарын салу және пайдалану бойынша жеті факті анықталды. Осы құқық бұзушылықтар бойынша 2,5 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, екі нысанды бұзу туралы сот шешімі шығарылды.

Бұған дейін су лимитін бұзған қызылордалық шаруаларға 17 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.